Иран Ислам Республикасының Спорт және жастар министрі Киомарс Хашеми бастаған делегация 25 қаңтар, бейсенбі күні жұмыс сапармен Ташкент қаласына келді.
Іsna.ir агенттігінің хабарлауы бойынша, Киомарс Хашеми бастаған делегация мүшелері Өзбекстанның Спорт министрі Адһам Икрамовпен кездесті. Тараптар Спорт министрлігінде өткен келіссөздер барысында екі ел арасында бокс, дзюдо, ауыр атлетика, таэквондо сияқты спорт түрлері бойынша тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Киомарс Хашеми кездесуде екі ел арасында спорттық жарыстар өткізу мақсатында бірлескен бірқатар шара қабылдау қажеттігін айтты.
Кездесу барысында Адһам Икрамов санкцияларға қарамастан Иранның түрлі салада, соның ішінде спорт саласында үздік танылып жүргеніне тоқталды.
Министр Өзбекстанның спорт саласында Иранмен екіжақты ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
10 сағатқа созылған сапар барысында делегация мүшелері Ташкент қаласында жаңадан салынып жатқан «Олимпиада қалашығының» жұмыстарымен де танысты.
Ирандық мамандар Өзбекстанда спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.


















