Испания Көлік министрі Оскар Пуэнте Мадрид Израильге қару-жарақ тиеген кеменің Картахена портына кіруіне рұқсат бермегенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Оскар Пуэнте бейсенбі күні Х әлеуметтік желісінде Израильге қару-жарақ тиеген Marianne Danica кемесінің 21 мамырда Картахена портына кіруді сұрағаны туралы жазды.
Испанияның El Pais басылымының мәліметінше, кемеге шамамен 27 тонна жарылғыш зат Үндістанның Мадрас портынан тиелген.
Испанияның солшыл саясаткерлері социалистерді «қару-жарақ таситын кемелердің Израильге өтуіне рұқсат берді» деп айыптауынан кейін бұл кемеге қатысты дау күшейе түсті.
Бұл хабарлама Испания соңғы айларда Израильдің Газаға жасаған шабуылына қарсылық танытып, тәуелсіз Палестина мемлекетін тану қажеттілігін атап өткен сәтте пайда болды.
Испания Премьер-министрі Педро Санчес наурыз айында елінің Ирландия, Словения мен Мальтамен бірігіп Палестина мемлекетін тану үшін алғашқы қадамдарды жасауға келіскенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Испания Бельгия және Даниямен бірге БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаның осы халықаралық ұйымға толыққанды мүшелігіне дауыс беруге мен Қауіпсіздік Кеңесінің осыған байланысты бұрынғы шешімін қайта қарауға шақырды.
БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаның БҰҰ-ға толық мүшелігі туралы жобаны 143 мемлекет қолдады. 9 мемлекет қарсы және 25-і қалыс қалды.
Қазіргі таңда Палестина БҰҰ-ның «тұрақты бақылаушы мемлекет» мәртебесіне ие. Алайда Палестина осы халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі болу үшін жылдар бойы талпынып келеді. Бірақ өткен айда АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына вето қойды.



















