Италия да АҚШ-тың меселін қайтарып, Сигонелладағы өзінің әуе базасын пайдалануға келіспеді.
Италиялық ANSA ақпарат агенттігі сейсенбі күні жергілікті БАҚ пен сенімді дереккөздеріне сілтеме жасап, Италияның АҚШ-на Сигонелла әуе базасын пайдалануға рұқсат бермегенін хабарлады.
Айта кету керек, америкалық ұшақтардың Таяу Шығысқа бара жатқан бағытының ұшу жоспарында Сигонелла базасына аялдау қарастырылған болатын.
Италия Қорғаныс министрі Гвидо Крозетто бұл аялдау үшін ешқандай ресми рұқсат сұралмағанын және Италияның әскери қолбасшылығымен кеңес жүргізілмегенін, сондықтан америкалық ұшақтардың Сигонелла базасына қонуына рұқсат берілмегенін қадап айтты.
Италия Дональд Трамптың ең жақын одақтастарының бірі саналса да, бұл жолы оған теріс жауап берді.
Бұл жағдай Дональд Трамптың НАТО мүшелерінен Иранға қарсы соғыста АҚШ-на көмектесуді қоқан-лоқымен талап етіп жатқан кезде орын алып отыр.
Айта кетейік, “Сигонелла» (Sigonella) — Сицилия аралында орналасқан НАТО-ның маңызды әуе базасы.

















