Израиль әскерлері Газа секторында тұтқынға алынған палестиналықтарды тірі қалқан ретінде пайдаланады.
Еуразия Тудейдің Гаарец басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Газа секторының оңтүстігіндегі ғимаратқа кірген израильдік әскерилер палестиналық тұтқынды тірі қалқан ретінде пайдаланған.
Бұл туралы Гаарец басылымы өзінің тергеу жөніндегі есебінде жазды.
Қатардың “Әл-Жазира” телеарнасының Гаарец басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, 933-ші “Нахаль” бригадасының командирі Израиль әскерлеріне қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізгеннен кейін бұл палестиналық тұтқынды атып өлтірген.
Израиль әскерилерінің палестиналықтарды тірі қалқан ретінде пайдалану тәжірибесінің ұзақ тарихы бар.
2005 жылы Израильдің Жоғарғы соты бұл тәжірибені заңсыз және халықаралық құқыққа қайшы деп танып, тыйым салды. Алайда, Израиль әскерилері тыйымға қарамастан, мұндай тәжірибені әлі де қолданады.
Гаарец басылымының мәліметінше, Израиль әскерлері туннельдер мен қираған ғимараттарға өздері кірмес бұрын жарылғыш құрылғылар бар деген күдікпен палестиналықтарды кіруге мәжбүрлейді.
Газа секторындағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, “Әл-Ақса дауылы” операциясы басталған 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторында қаза тапқандар саны 45 885-ке, зардап шеккендердің саны 109 196-ға жетті.



















