Израиль әскерлері Газа секторының оңтүстігінде орналасқан және Мысыр шекарасына іргелес жатқан Рафах қаласына әуе шабуылдарын бастады.
Израильдің Газа секторына шабуылдары басталғаннан жүз отыз күннен асты. Басқыншы күштердің соққылары әлі де Газа секторында жалғасып жатыр. Енді Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласында да қасірет орын алып отыр.
«Аljazeera» арнасының хабарлауы бойынша, Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Израиль қарулы күштерінің өткен тәулікте Газа секторына жасаған соққыларынан 200-ден астам адам жараланып, 160-тан астам адам қаза тапқанын мәлімдеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, құрбан болғандардың көбісі — әйелдер мен балалар. Үйінділерді тазарту барысында зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны үнемі өсуде.
Кz.eurasiatoday.ru агенттігі Израильдің Рафах қаласына жасалған шабуылына шолу жасады.
Израиль қарулы күштері неліктен Рафах қаласына шабуыл жасады?
Израиль Премьер-министрінің кеңсесі Хамасты жою үшін Рафахтағы төрт Хамас батальонын жою керек екенін айтады. Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың мәлімдеуі бойынша, Рафах қаласы – Хамастың соңғы бекінісі. Премьер-министр Рафахқа жасалған шабуылдың басты мақсаты «Хамасты жою» деп түсіндіреді. Беньямин Нетаньяхудың сөзінше, қазірге дейін Хамастың 24 батальонының 17-сі жойылған, ал қалған жасақтары Рафахта орналасқан.
Газа секторы мен Палестина аумағында жұмыс істейтін БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі агенттігінің (БАПОР) мәліметінше, Рафахта 1,5 миллионға жуық адам тұрады. Олардың көпшілігі Газа секторының басқа бөліктерінен келгендер. 7 қазанда Израиль-Хамас соғысы басталғанға дейін бұл көрсеткіш алты есе аз болған.
Израильдің Газа секторына шабуылдары тұрғындардың Рафахтан пана табуына себеп болды.
Соғыстан қашқан көптеген босқындар Рафах көшелерінде, бос жерлерде, жағажайда және Мысырмен шекара қабырғасының жанындағы құмды аймақта шатырлар тұрғызып, пана тапты. Норвегиялық босқындар кеңесі Рафах қаласын «Алып босқындар лагері» деп атады.
Газа секторының дәрігері тіпті Рафахты «Жабық түрме» деп сипаттады.
Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жұма күні әскерилерге шабуыл басталғанға дейін Рафах қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау жоспарын әзірлеуді бұйырған. Алайда Газа секторы халқының басқа барар жерлері де қалмады. Рафахта тұратын палестиналықтар Израиль қанша шабуыл жасаса да жерлерін тастамайтындарын айтады. Қазір газалықтар Мысырмен шекарада тұрақтаған.
Израиль қарулы күштерінің Рафахқа жасаған бірнеше әуе соққысынан кейін бірқатар ел мен халықаралық ұйым реакция білдірді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насер Канани Израильдің Рафах қаласына жасаған қылмыстық әуе шабуылдарын айыптады.
Канани Израильдің Рафахқа басып кіруін қорғансыз Палестина халқына жасалған әскери қылмыс деп атады.
Иордания королі Абдалла II Израильдің Рафах қаласын атқылауы кезекті гуманитарлық апатқа әкелетінін айтты.
Испания Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес те Рафахқа қарсы Израильдің соққысы гуманитарлық апатты арттыратынын мәлімдеп, Израильдің шабуылдарын айыптады.
Талибан қозғалысының Сыртқы істер министрлігі сионистік режимнің Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласына жасаған қатыгез шабуылдарына реакция білдіріп, Израильдің бұл қылмыстарын қатаң айыптады.
Сонымен қатар, Ислам елдері мен құқық қорғау ұйымдарын аймақтағы геноцидті тоқтату үшін шара қабылдауға шақырды.
Қытай Сыртқы істер министрлігі Рафахтағы Израильдің қылмыстарын айыптап, сионистік режимді Газаға басып кіруді тоқтатуға және Палестина халқына қарсы заңсыз әрекеттерін доғаруға шақырды.
Куба президенті сионистік режимнің Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласына жасаған шабуылдарын қатаң айыптап, олардың шабуылдарын «қорқынышты» деп атады.
Сауд Арабиясы Рафахтағы үлкен гуманитарлық апаттың алдын алу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін шұғыл отырысқа шақырды.
БҰҰ бас хатшысы Стефан Дюжаррик Израильдің Рафах қаласына шабуыл жасаған жағдайда тұрғындарды құтқару қиын болатынын ескерткен еді.
Жалпы, Рафах қаласы Газа секторындағы Израиль қарулы күштері басып алмаған соңғы елді мекен болатын. Бұл жерге Газа секторының басқа бөліктерінен келген палестиналықтар жасырынған.
Гуманитарлық ұйымдар бейбіт тұрғындар паналаған Рафах қаласын шабуылдау нағыз қанды шабуыл екенін айтады.
Израильдің Рафахқа жасаған шабуылы әлемнің түкпір-түкпірінде наразылық туғызды.

















