Каир қаласында 2024 жылғы 19 ақпанда «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен маңызы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Бұл туралы religions-congress.org сайты хабарлады.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен әл-Азһар Исламтану академиясы бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелдің мақсаты – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне қатысушылардың идеяларын насихаттау және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу.
Халықаралық дөңгелек үстелге Съезд Хатшылығының мүшелері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің серіктестері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және Қазақстан, Мысыр, Түркия, Үндістан, БАӘ, Пәкістан, Қатар, Өзбекстан, Мальта, Бразилия, Татарстан діни бірлестіктерінің сарапшылары қатысты.
Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары өзекті мәселелерді талқылады. Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев рухани дипломатияны дамытудың маңыздылығы және Қазақстанның конфессияаралық келісім, жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы бастамалары жөнінде тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасымен таныстырды.
Халықаралық дөңгелек үстелге онлайн форматында қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сөзін жеткізді.


















