Көшпенділердің VI Дүниежүзілік ойындары Қырғызстанда 2026 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Қырғыз Республикасы дене тәрбиесі және спорт мемлекеттік агенттігінің директоры Қазыбек Молдажиев мәлімдеді.
Қазыбек Молдажиевтің айтуы бойынша, жарыс бағдарламасына 43 ұлттық спорт түрі енгізілген. Шараға шамамен 100 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитімен тұспа-тұс өткізу жоспарланып отыр.
Шараны Бішкек қаласындағы қазіргі уақытта құрылысы жүріп жатқан, 50 мыңнан астам көрерменге арналған жаңа “Бішкек Арена” стадионында өткізу көзделген.
Спорттық жарыстардың негізгі бөлігі Чолпон-Ата қаласында ұйымдастырылады. Ойындарды өткізу үшін онда мамандандырылған төрт спорттық нысан пайдаланылатын болады.
Айта кетейік, көшпенділердің Дүниежүзілік ойындары екі жыл сайын өткізіледі. Алғашқы үш ойын 2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанда, ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияда өтті. Көшпенділердің V Дүниежүзілік ойындары Қазақстанда өтті.




















