Колумбия Президенті Густаво Петро Израильге көмір жеткізуді тоқтататынын жариялады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Колумбияның сенбі күнгі Жарлығында Израильге көмір жеткізу туралы тыйымның сионистік режим Халықаралық соттың Рафахқа шабуылын тоқтату туралы бұйрығын орындағанға дейін сақталатыны айтылған.
Бұл шешім Колумбияның Израильмен дипломатиялық қатынасын үзген сәттен бір ай өткеннен кейін қабылданды.
Аталмыш шешімнің қабылдануына Палестина Қоғамдық дипломатия институтының Колумбия Президенті Густаво Петроға хат жолдап, Sintracarbon көмір өнеркәсібінің ең ірі кәсіподағы Израильге көмір жеткізуін тоқтату туралы өтініштерін қайталауы түрткі болды.
Боготадағы Израиль елшілігінің мәліметі бойынша, Колумбия Израильге ең ірі көмір жеткізуші ел болып табылады. 2023 жылы Колумбия Израильге құны шамамен 450 миллион доллар болатын көмір экспорттады.
Колумбия көмірінің сапасы өте жоғары. Ел негізінен экспортқа шамамен 5 миллион тонна кокстелетін көмір өндіреді.
Колумбия мен Израиль қарым-қатынасы Газа секторындағы қақтығысқа дейін жақсы болды. Тіпті, 2020 жылдан бастап екі ел арасындағы еркін сауда келісімі күшіне енді.
Алайда, Газа секторындағы Израиль шабуылдарынан кейін Колумбияның Израильмен қатынасы күрт өзгерді. Густаво Петро Израильдің Газадағы әрекетін «геноцид» деп атап, мамыр айының басында Колумбияның Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзетінін мәлімдеді.
Колумбия Президенті Палестинада елшілік ашуға бұйрық берді.



















