Иранның рухани жетекшісі Әли Хаменеи қарсыласу қозғалыстары және оның Хасан Насролла мен Яхия Синвар сияқты басшыларының батылдығы аймақ тағдырын өзгерткенін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи Израиль режимінің, әсіресе Батыстың мәдениеті, өркениеті және саясаткерлерінің үлкен жеңіліске ұшырағанын айтты.
Ислам революциясының жетекшісі кеше, сәрсенбі күні Фарс провинциясында өткен монотеистік діндер шәһидтерінің конгресін ұйымдастырушыларымен кездесуінде аймақтың тағдыры мен тарихындағы өзгеріске аймақтағы оқиғалар, қарсыласудың табандылығы мен батылдығы себеп болғанын айтты.
Әли Хаменеи Израиль режимінің 50 мыңнан астам жазықсыз адамның өмірін қиғанымен қарсыласуды жоюда сәтсіздікке ұшырағанын айтып: «Батыс мәдениеті, өркениеті мен саясаткерлері үлкен сәтсіздікке ұшырады. Қарсыласу майданы мен зұлымдық майданы арасындағы текетіресте қарсыласу жеңіске жетеді»,- деді.
Аятолла Хаменеи аймақтағы қазіргі оқиғалар мен Газа секторы, Ливан және Иордан өзенінің батыс жағалауындағы жағдайларды тарихи деп атап: «Егер өмірінің соңғы сәтіне дейін соғысқан марқұм Яхия Синвар сияқты немесе жиһадты, парасатты, батылдықты және жанқиярлықты біріктіріп, майданға аттанған марқұм Хасан Насролла сияқты ұлы тұлғалар болмаса, аймақ тағдыры басқаша болар еді», -деп баса айтты.
Ислам революциясының жетекшісі Хезболла мен ХАМАС қарсыласу қозғалыстары және оның Хасан Насролла мен Яхия Синвар сияқты басшыларының батылдығы аймақ тағдырын өзгерткенін қуаттап: «Израиль режимі жеңіліске ұшырады, бірақ Батыстың мәдениеті, өркениеті және саясаткерлері одан да үлкен жеңіліске ұшырады»,- деді.



















