Үндістан астанасы Дели қаласында 20 жылда болмаған жауын жауып жатыр. Қаланың басым бөлігі су астында қалды.
Ел билігі орын алған оқиғаға байланысты қауіптің «сары деңгейін» жариялады.
Жауын-шашын салдарынан 15-ке жуық ғимарат құлап, тас жолдардың талқаны шықты. Ағаш-талдар құлап, адамдардың аяқ алып жүруі қиындады, әуре-сарсаңға түсті.
Делидің іскерлік және коммерциялық аудандарының бірі Коннот Плейс қатты зардап шекті.
Делиде нөсер сенбі күні басталып, тоғыз сағат ішінде 125 милиметрден астам жауын-шашын жауды.
Осылайша ел астанасы Делиде шілде айына тиесілі мөлшердің тең жартысы бірнеше тәуліктің ішінде жауған. Ақ нөсер автомобильдер мен пойыздардың қозғалысын қиындатты.
Синоптиктердің болжамынша Үндістан астанасында қатты жаңбыр кем дегенде әлі 3 күнге созылады.
Жергілікті билік алдағы бірнеше тәулік ауа райының қолайсыздығы салдарынан тұрғындардан үйде қалуды сұрайды.



















