Үндістанның Андхра-Прадеш штатында екі жолаушы пойызы соқтығысты. Оқиға салдарынан 14 адам қаза тауып, 51 адам жарақат алды.
«Indian Express» мәліметінше, Вишакапатнамадан Раигадқа бара жатқан пойыз басқа пойызға соғылып, вагондар рельстен шығып кеткен.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, бірінші пойыздың машинисі бағдаршамның жасыл түсін көрмей қалып, қозғалысын тоқтатқан. Оның артынан екінші пойыз барып соққан.
Сондай-ақ кейбір басылымдар екі пойыздың соқтығысып қалуына сигналдың істен шығуы себеп болған деген болжам жасауда, бірақ нақты қорытынды тергеуден кейін анықталады.
Зардап шеккендердің арасында мүшкіл халде жатқандары бар.
Айта кетсек, Үндістан арқылы күніне 12 миллионнан астам адам 14 мың пойызбен 64 мың шақырым жол жүреді.



















