Өзбекстан мен Иран арасындағы тауар айналымы соңғы бес жылда 18 пайызға өсіп, 503 миллион долларға жетті.
Еуразия Тудейдің Uzdaily ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов пен Иранның Экономика және қаржы министрі Абдулнасир һемматидің Самарқанд қаласында өтіп жатқан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) Басқарушылар кеңесінің жыл сайынғы 9-шы отырысы аясында өткен кездесуінде белгілі болды.
Кездесуде тараптар соңғы бес жылда бірлескен кәсіпорындар саны үш есеге артып, бүгінде 254-ке жеткенін мәлімдеді.
Тараптар Өзбекстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалық бағыттарын талқылады. Тараптар қолайлы сауда режимін құру және электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты бірқатар іс-шара ұйымдастыруға келісті.
Сондай-ақ, кездесуде Өзбекстан мен Иран арасындағы Үкіметаралық бірлескен комиссияның 16-шы отырысының және екі елдің іскер топтары өкілдерінің ынтымақтастығын нығайту мақсатында бірлескен бизнес-форумның өтетін күндері белгіленді.
Кездесу қорытындысы бойынша сақтандыру саласында екіжақты құжаттарды әзірлеуді жеделдету және ірі жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін құру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
АИИБ 2016 жылы құрылған. Оның басты мақсаты Азиядағы экономикалық дамуға, инфрақұрылымды жақсартуға жәрдемдесу болып табылады. Қаржыландырудың басым бағыты — энергетика, көлік, логистика, қалалық және ауылдық инфрақұрылым.


















