Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы Еркін сауда келісімі сауда айналымын бірден 35 пайызға арттырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей Федерациясының Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Минскіде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша тілшілерге берген сұхбатында айтты.
Ресей Үкімет басшысының орынбасары: “Иран Ислам Республикасымен Еркін сауда туралы келісім қазірдің өзінде белсенді түрде жүзеге асырылуда. Біз келісім мамыр айында күшіне енгеннен кейін шілде айында өзара сауда көлемі 35 пайызға өскенін байқадық. Бұл келісімнің бірден жұмыс істей бастағанын көрсететін өте маңызды көрсеткіш”, — деді.
Сондай-ақ, Оверчук жыл соңына дейін Индонезиямен осындай келісімге қол қойылады деп күтілетінін айтты.
Алексей Оверчук: “Қазір барлық рәсім жүргізіліп жатыр. Біздің әріптестеріміз, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы байқаушы мемлекет ретінде қатысып отырған Өзбекстан мен тағы басқа бірнеше ел одаққа мүше мемлекеттер қол қойған үшінші елдерге де ашық келісімге қызығушылық танытып отыр. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы кедендік транзит туралы келісім. Оның мақсаты кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, сыртқы және ішкі шекаралардан кедергісіз өту үшін жағдай жасауға бағытталған.
Қазіргі уақытта көптеген бастама жүзеге асырылып жатыр. Олар біздің елдеріміздің экономикасын дамытуға нақты оң әсерін тигізуде”, – деді.
Айта кетейік, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы кеше, 30 қыркүйек күні Минскте өтті. Ал келесі отырысы осы жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында өтеді.


















