Пәкістан Ливандағы 30-дан астам адам қаза тауып, тағы мыңдаған адам жараланған лаңкестік әрекетті қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Пәкістан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, елінің сионистік режимнің лаңкестік әрекеттерін қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мумтаз Захра Балоч: «Пәкістан Ливанда осы аптада орын алған пейджерлер мен рациялардың жарылу оқиғасын қатаң айыптайды. Осы лаңкестік әрекеттен құрбан болғандардың отбасыларына, сондай-ақ, Ливан Республикасының халқы мен Үкіметіне қайғырып көңіл айтады», — деді.
Мумтаз Захра Балоч: «Бұл лаңкестік шабуылдар Израильдің аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін шытырман оқиғасының көрінісі»,-деп баса айтты.
Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі сөзінің жалғасында: «Пәкістан Ливанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды. Халықаралық қауымдастықтан Израильді лаңкестік актілері үшін жауапқа тартуды, халықаралық құқықты бұзғаны үшін жедел шара қабылдауды сұрайды», — деді.
Сонымен қатар Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исламабадтың 12 қыркүйек күні Израильдің Газа секторындағы мектепке жасаған әуе шабуылы салдарынан 18 адамның, соның ішінде БҰҰ-ның алты қызметкерінің қаза табуын қатаң айыптайтынын мәлімдеді.
Ол сионистік режимнің Палестинаны басып алудағы заңсыз әрекеттеріне тоқталып, Палестина халқын тағдырларын анықтау құқығын жүзеге асыруда шұғыл қолдаудың қажеттілігін қуаттады.
Мумтаз Захра Балочтың айтуы бойынша, Газа халқының қайғы-қасіретін тоқтату үшін атысты дереу және сөзсіз тоқтату керек.
Еске сала кетейік, 17-18 қыркүйекте Ливанда «Хезболла» ұйымының пейджерлері мен рациялары жарылды. Ливанның Денсаулық сақтау министрі жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 37-ге жеткенін хабарлады.
Ливанның қауіпсіздік қызметі Израильдің Моссад агенттігі 17 қыркүйектегі жарылыстан бірнеше ай бұрын «Хезболла» әкелген пейджерлерге жарылғыш заттарды орнатқанын айтты.


















