Париждің солтүстігінде 33-ші Жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында Олимпиада ауылы ресми түрде ашылды.
Еуразия Тудейдің Le Parisien басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Олимпиада ауылы бүгін, 18 шілдеден бастап Париж қаласында өтетін 33-ші Жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы қатысушыларын қабылдай бастайды.
Ауыл 52 гектар жерді алып жатыр. Ол 14 250 адамды, соның ішінде 9 мыңға жуық спортшыны қабылдайды. Ауыл жұмыстарын 4 мың қызметкер мен бір жарым мыңға жуық еріктілер атқаратын болады.
Ауыл аумағында жаттығу нысандары, жаттығу залдары, емхана, допингке қарсы орталық бар.
Еске сала кетейік, Олимпиада алауы Парижге 14 шілде күні жеткізілді. Франция астанасы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығына жоспарланған. Додаға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиада ойынына 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстаннан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынайды.



















