Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев 5 қазанда Испанияның Гранада қаласында кездеседі.
Екі президенттің кездесуін дайындау үшін Арменияның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян Брюссельге жұмыс сапарымен барады.
Армения Қауіпсіздік Кеңесінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 қыркүйекте Брюссельде Арменияның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян Франция президентінің кеңесшілерімен, ГФР канцлерімен, Еуропалық кеңес басшысымен және Әзірбайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиевпен кездесіп, екі ел көшбасшыларының Гранадада кездесуіне дайындық мәселесін талқылайды.
5 қазан күні Гранадада Армения премьер-министрі, Әзірбайжан президенті ғана кездесіп қоймай, сонымен қатар Франция президенті мен Германия канцлері және Еуропалық кеңес басшысының қатысуымен бесжақты кездесу өтеді деп жоспарланған.
Кездесу барысында екі ел арасында бейбіт келісімге қол қою мәселесі қаралады деп болжанып отыр. Алайда Пашинян журналистерге Гранададағы кездесуде бейбіт келісімге қол қою мәселесі көтерілмейтінін айтқан.
«Өкінішке қарай, олай болмайды. Егер бұл кездесуде құжатқа қол қою көзделген болса, біз бұл құжат Арменияның теңдестірілген мүдделеріне сәйкес келеді және біз оған қол қоюға дайынбыз дегенді білдіретін еді»,- деді Пашинян.
Еске сала кетсек, Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі 19 қыркүйек күні Таулы Қарабақта «терроризмге» қарсы операцияның басталғанын жариялаған болатын. Ал, Қарабақта орналасқан Ресей бітімгершілік күштері қолбасшылығының арағайындығымен 20 қыркүйек сағат 13:00-ден бастап әскери қимылдарды толық тоқтату туралы келісімге қол жеткізілді.



















