Иран Президенті Масуд Пезешкиан елінің көршілес елдермен, соның ішінде Түркіменстанмен қарым-қатынасын кеңейтуге мүдделі екенін айтып, түрлі салада ынтымақтастықты дамыту қажеттігін қуаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Президент Масуд Пезешкиан кеше, сәрсенбі күні Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесуінде Иран Ислам Республикасының көрші елдермен тату көршілікке негізделген принципті саясатына тоқталды.
Пезешкиан Түркіменстан Халық Мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен жуырда телефон арқылы сөйлескенін айтып: “Тиісті жауапты тұлғаларға Түркіменстан Үкіметімен одан әрі ынтымақтастық бағыттарын зерделеу және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жеделдету жолындағы кедергілерді жою бойынша тиісті тапсырма берілді”,- деді.
Президент Пезешкиан Каспий маңы елдері Премьер-министрлерінің Тегерандағы алдағы кездесуіне тоқталып: “Иран Ислам Республикасы Каспий маңы елдерінің бейбітшілік, достық және тату көршілікке негізделген қарым-қатынасын кеңейтуге ұмтылады. Бұл көзқарас алдағы Каспий саммитінің конференциясында талқыланады”,- деп мәлімдеді.
Кездесу барысында Түркіменстан Сыртқы істер министрі Пезешкианға елінің Ұлттық көшбасшысы және Президентінің жылы лебізін жеткізді.
Мередов Иран мен Түркіменстан компаниялары арасындағы көлік пен энергетиканы қоса алғанда, түрлі саладағы бірлескен ынтымақтастық туралы келісімдер мен жобаларға тоқталып, екі ел арасындағы барлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға шақырды.



















