Иран Президенті Масуд Пезешкиан мұсылман мемлекеттері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған үш негізгі бастаманы көпшілік назарына ұсынды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Масуд Пезешкиан бұл жөнінде Ислам бірлігі жөніндегі 40-шы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде мәлім етті.
Иран Президентінің айтуы бойынша, қазіргі таңда Ислам әлеміне жаңа қарарлардан гөрі, нақты әрі орындалатын міндеттемелер қажет.
Президент ұсынған алғашқы бастама — Ислам мемлекеттері арасындағы өзара қауіпсіздік және шабуыл жасамау туралы келісім.
Пезешкианның түсіндіруінше, мұсылман елдері бір-бірінің аумақтық тұтастығын қатаң құрметтеп, өз аумағын, әуе кеңістігін және барлық мүмкіндіктерін басқа бауырлас мемлекеттерге қарсы басқыншылық мақсатында пайдалануға жол бермеуі тиіс.
Сонымен қатар бұл пакт елдердің өзара ішкі тұрақсыздандыру немесе бөлшектеу әрекеттеріне үзілді-келді жол бермеу міндеттемесін қамтиды.
Екінші бастама — Ислам әлемінде тұрақты делдалдық және қақтығыстардың алдын алу тетігін құру.
Иран Президенті Ислам ынтымақтастығы ұйымы шиеленістер ашық соғысқа ұласып кетпей тұрып жедел әрекет етуге тиіс екенін баса айтты. Оның пікірінше, ұйым мыңдаған адам қаза тапқаннан кейін ғана мәлімдеме жасаумен шектелмеуі қажет.
Пезешкиан: «Ислам әлеміндегі сенімді мемлекеттер, беделді дін ғалымдары, тәжірибелі дипломаттар мен құқықтанушылар делдалдық және мемлекеттер арасындағы дауларды бейбіт жолмен реттеумен тұрақты түрде айналысатын арнайы құрылым құра алады», — деді.
Үшінші бастама — Ислам әлемін нақты өзара ықпалдастық желісіне айналдыру.
Пезешкиан Ислам елдерінің ғалымдары мен мамандары жасанды интеллект, медицина, су ресурстары, энергетика, ауыл шаруашылығы және озық технологиялар салаларында бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыруы қажет екенін баса айтты.
Сонымен қатар Иран Президенті мұсылман мемлекеттері арасындағы тауар айналымы мен сауда көлемін айтарлықтай арттыру қажеттігіне тоқталды. Оның келтірген деректері бойынша, бүгінгі таңда Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің өзара сауда үлесі олардың жалпы экспорт көлемінің бестен біріне де жетпей отыр.
Пезешкианның пікірінше, бұл көрсеткішті едәуір ұлғайту Ислам әлемі елдері арасындағы тығыз экономикалық байланыстарды нығайтып, мемлекеттердің өзара сенімі мен тиімді ынтымақтастығын арттыруға мол мүмкіндік береді.
Иран, Масуд Пезешкиан, Ислам әлемі, Бастама, Конференция













