Иран Президенті Масуд Пезешкиан Израиль режимі мен оның жақтастарын ең үлкен лаңкестер деп атап, олар қолындағы құралдар мен күш арқылы адамдарды өлтіруде деп баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Масуд Пезешкиан кеше, бейсенбі күні АҚШ-қа жасаған ресми сапарының соңында БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясында сөйлеген сөзінде және әлем көшбасшыларымен жеке кездесулерінде мәлімдеді.
Иран Президентінің айтуы бойынша, ол АҚШ-қа сапары барысында 15-тен астам елдің басшыларымен кездесулер өткізген. Талқылаулардың басым бөлігі Газа секторындағы соғыс пен Израильдің Ливандағы агрессиясына арналған.
Масуд Пезешкиан: «Израиль және бұл режимді қолдайтындар адам құқықтарын қорғап, лаңкестікке қарсымыз деп мәлімдейді. Бірақ, сионистік режим мен оның жақтастары ең үлкен лаңкестер, өйткені олар Газа секторы мен Ливандағы жазықсыз адамдарды бомбалап, олардың үйлерін қолдарында бар құралдарымен және күшпен қиратуда. Израиль жолдарды жауып, газалықтардың су, азық-түлік және дәрі-дәрмекке деген қолжетімділігіне кедергі болып отыр», — деп баса айтты.
Иран Президенті Масуд Пезешкиан 22 қыркүйек күні Нью-Йоркке БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясына қатысу үшін барды. Биыл сессия аясында алғаш рет «Болашақ саммиті» өтті. Саммитте бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

















