Иран Президенті Масуд Пезешкиан Эммануэль Макронмен телефон арқылы сұхбатта Израиль Ливанға қарсы шабуыл жасаса, сионистік режим үшін оның салдарының ауыр болатынын ескертті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Масуд Пезешкиан Франция Президенті Эммануэль Макронмен сұхбатта Израильдің Палестинаны басып алған 75 жылдан астам уақыт ішінде халықаралық барлық норманы бұзғанын айтты. Пезешкиан Иранның Франциямен қарым-қатынасын адалдық пен өзара сенім негізінде құру арқылы нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Макрон Пезешкианды Иран президенттігіне сайлануымен құттықтап, Иран мен Еуропа елдері арасындағы қарым-қатынастың, соның ішінде Франциямен екіжақты байланыстың жақсаруына үміт білдірді.
Пезешкиан мен Макрон Голан биіктігіндегі Мадждал-Шамс оқиғасынан кейін сұхбаттасты.
Еске сала кетейік, 27 шілдеде Израильдің бақылауындағы Голан биіктігіне соққы жасалды. Израиль басшылары Ливанның «Хезболла» тобын зымыран ұшырды деп айыптады. Сонымен қатар, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху дүйсенбі күні Мадждал-Шамсқа барған кезде Израиль Голан биіктігіне жасалған соққыны ескерусіз қалдырмайтынын атап, қарсы қатаң жауап беруге уәде берді. Алайда, «Хезболла» бұл оқиғаға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.


















