Иран Президенті Пезешкиан Түркіменстан Президентімен кездесуінде өзара сенімді халықтар арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Масуд Пезешкиан Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесуінде өзара сенімді бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудың негізгі шарты деп атап, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа өзара құрмет пен теңдікке негізделген ерекше сипат беру қажеттігін қуаттады.
Масуд Пезешкиан Иран мен Түркіменстан арасындағы ғасырлар бойы жалғасқан тарих пен мәдени байланысқа сілтеме жасап, екі елдің көршілестігі көшбасшылар ұстанымына сәйкес достық, бейбітшілік және қауіпсіздік тұрғысынан қарастырылатынын айтты.
Президент: “Мұндай көзқарас өзара сенімге негізделген ерекше қарым-қатынас орнатуды талап етеді. Біз осылайша бейбіт және тұрақты қарым-қатынасты нығайта аламыз. Дәл осы ортақ сенім екі ел арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты кепілдейді”,-деді.
Президент Түркіменстанмен бұрын қол жеткізілген келісімдерді орындаудың маңыздылығына да баса назар аударып, маңызды уағдаластықтардың газ, көлік дәліздерін, сондай-ақ, экономикалық және сауда ынтымақтастығын қамтитынын атап айтты.
Сонымен қатар ол бірқатар бағыттағы кедергілерге тоқталып, келісімдердің толық іске асырылуын және екі ел халқы үшін өзара тиімді нәтижеге қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында нақты тапсырмалар беріп, олардың жүзеге асырылуын бақылауға алуды сұрады.
Иран Президентінің айтуы бойынша, келісімдерді жүйелі түрде орындау және сенімді нығайту практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге әрі екіжақты байланыстың тұрақтылығын арттыруға жағдай жасайды. Бұл Иран мен Түркіменстанның ортақ мүдделеріне сай келіп, өңірдегі бейбітшіліктің нығаюына ықпал етеді.



















