Иран президенті Масуд Пезешкиан БРИКС аясында біржақты санкцияларға қарсы тұру механизмін құруды ұсынды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Масуд Пезешкиан бұл ұсынысты Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силваның бастамасымен кеше, 8 қыркүйекте БРИКС ұйымына мүше елдердің кезектен тыс виртуалды саммитінде сөйлеген сөзінде айтты.
Пезешкиан: “БРИКС заңсыз біржақты санкциялар жағдайында ұйымға мүше елдерді қолдау және әділетсіз саяси қысымға ұшыраған мемлекеттердің экономикасын дамытуды жалғастыру мақсатында санкцияларға қарсы тұру механизмін әзірлей алады”, — деді.
Иран президенті БРИКС халықаралық қаржы институттарын, әсіресе Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкті жан-жақты реформалауға арналған алаңға айналуы тиіс екенін атап айтты.
Пезешкианның айтуынша, бұл халықаралық ұйымдар жаһандық экономикалық нақты үрдістерді көрсетіп, үшінші әлем елдерінің даму жобаларына неғұрлым белсенді қолдау көрсетуі керек.
Пезешкиан сөзінің жалғасында: “Жаңа даму банкінің рөлі мен әлеуетін нығайту да осы бағыттағы қажет қадам болып табылады. БРИКС ұйымына мүше мемлекеттерге жаһандық қаржы құрылымдарын реформалаумен қатар, тәуелсіз төлем жүйелерін құру идеясын да қарастыру қажет. Бұл жоба әлемдік бірқатар валютаyың үстемдігін азайтуға мүмкіндік береді”, — деді.
Сонымен қатар, Иран президенті БРИКС-ке мүше мемлекеттердің дағдарыс жағдайында вакциналар мен медициналық жабдықтар сияқты бірқатар тауарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін қуаттап, пандемия мен төтенше жағдайларда жедел әрекет ету, ресурстарды жұмылдыру және үйлестіру мақсатында БРИКС аясында ортақ платформа құруды ұсынды.



















