Иран Президенті Масуд Пезешкиан Каирде өткен Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған спортшы Атуса Голшаднежадты құттықтады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Масуд Пезешкиан Мысыр астанасы Каирде өткен каратэ бойынша Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Атуса Голшаднежадты құттықтап, бұл жеңістің оның жеке жетістігімен қатар, елінің каратэші қыздары үшін де үлкен бетбұрыс екенін баса айтты.
Масуд Пезешкиан Атуса Голшаднежадтың Каирде өткен Әлем чемпионатында теңдесі жоқ шеберлік көрсеткенін мақтап: “Бұл жетістік әртүрлі салада қабілетін әрқашан дәлелдеген ирандық әйелдердің құзыреттілігінің, күш-жігері мен жоғары ұмтылысының жарқын символы болып табылады”, -деді.
Президент Пезешкиан бұл жеңістің Иранның әйелдер арасындағы Әлем чемпионатының каратэ тарихындағы алғашқы алтын медаль екеніне тоқталып, оны ел халқы үшін тарихи абырой деп атады.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Атуса Голшаднежад Каирде өткен Әлем чемпионатының финалында Ханчжоудағы Азия ойындарының алтын жүлдегері атанған қытайлық Гун Лиден басым түсті.



















