Қазақстаннан Ауғанстан халқына арналған гуманитарлық көмек тиеген 36 вагон Хайратон станциясына келді.
Еуразия Тудейдің ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстаннан Ауғанстан халқына арналған гуманитарлық көмек Балх провинциясындағы Хайратон станциясына жеткізілді.
Темір жол арқылы жеткізілген жүктің жалпы көлемі 2,2 мың тоннаны құрайды.
Тауарлар ішінде өсімдік майы, бидай ұны, күріш жармасы, қысқы және жазғы шатырлар мен көрпелер бар. Қажет дәрілік заттар бар гуманитарлық көмектің бір бөлігі әуе көлігімен жеткізілмек.
Гуманитарлық көмек “KazAID” Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің жәрдемімен жүзеге асырылды.
Қазақстанның Ауғанстандағы уақытша сенімді өкілі Ғазиз Ақбасовтың айтуынша, Қазақстан Ауғанстан халқын қолдауды жалғастырып, екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық байланысты дамытуды қолдайды. Сонымен қатар, Ақбасов Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі, көлік, логистика мен ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін айтты.
Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация 21-23 сәуір аралығында Кабулға барады. Сапар барысында Ауғанстанның ресми тұлғаларымен келіссөз жүргізіп, қазақстандық тауарлардың көрмесін өткізу жоспарлануда.



















