Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселенің шешілуіне атсалысуға дайын екенін тағы растады.
Еуразия Тудейдің Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы бұл туралы МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдауында айтты.
Президент Қазақстанның ядролық қауіпсіздік пен мемлекетаралық сенімді нығайтуға бағытталған жаһандық күш-жігерге қосылуға алдағы уақытта да бейіл екенін мәлімдеді.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті халықаралық уағдаластық болған жағдайда, еліміз ізгі ниетті көздеп, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселенің шешілуіне атсалысуға дайын екенін тағы растады.
Бас директор Қазақстанның әлемдегі ядролық қауіпсіздікті және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайту бағытындағы іс-қимылына жоғары баға берді
Агенттік жетекшісі елімізді АЭС салу бойынша өткен жалпыхалықтық референдумның нәтижесінде атом энергиясын дамыту бағдарламасының іске асырыла бастауымен құттықтады.
Рафаэль Гросси Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңызы мен рөлін атап өтіп, еліміздің игі бастамасына қолдау білдірді.
МАГАТЭ басшысы ықтимал келісімдерді жүзеге асыру үшін Қазақстан саяси беделге, тиісті инфрақұрылым мен ғылыми-техникалық базаға ие екенін айтты.
Айта кетейік, МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси бүгін Қазақстанға ресми сапармен келді. Оның сапары мамырдың 25-27 аралығында жалғасады.













