ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге ресми сапармен барады.
Еуразия Тудейдің Кремльдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Си Цзиньпин 7–10 мамыр аралығында Ресейге ресми сапармен барып, 9 мамырда Мәскеуде өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысады.
Си Цзиньпин сапар барысында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, келіссөз жүргізеді. Келіссөз барысында жан-жақты әріптестік және стратегиялық өзара іс-қимыл қарым-қатынасын одан әрі дамытудың негізгі мәселелері, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланады.
Сонымен қатар, екіжақты үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар құжатқа қол қою жоспарлануда.
Мұның алдында, Ресейдің Қытайдағы Елшісі Игорь Моргулов «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында Си Цзиньпиннің Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге қатысатынын және Ресей Президенті Владимир Путинді 2025 жылдың қыркүйегінде Қытайда өтетін салтанатты шараларға қатысуға шақырғанын айтты.



















