Қырғызстанда алғаш рет Тоқтоғұл су қоймасында қалқымалы күн станциялары салынады.
Еуразия Тудейдің Tazabek агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Тоқтоғұл су қоймасындағы қалқымалы күн станцияларының құрылысы Қырғызстанда жаңартылатын энергия көздерін игерудің жаңа кезеңі болмақ.
Алғашқы станция шамамен 6 шаршы шақырым аумақты құраса, бес жыл ішінде қондырғылардың жалпы ауданы 12 шаршы шақырымға дейін жетеді деп күтілуде.
Жобаның негізгі идеясы — cу қоймасының бетіне күн панельдері бар арнайы платформалардың орнатылуы. Панельдер күннен жарық жинап, оны электр энергиясына айналдырады. Алынған электр энергиясы кабельдер арқылы қосалқы станцияға жіберіліп, кейін ол электр желісіне беріледі. Жобаны қалқымалы станциялар салуда тәжірибесі мол Чехияның «Sonnenenergie» АҚ басшылығымен инвестициялық топ жүзеге асырады.
Sonnenenergie компаниясы Қырғызстанның Энергетика министрлігімен, сондай-ақ, «Жасыл қор» және Қырғызстанның ұлттық электр желісімен Тоқтоғұл су қоймасында қалқымалы күн станциясын салу туралы келісімге қол қойған. Инвестицияның жалпы құны 1 млрд долларды құрайды.
Аталмыш жобаны іске асыру 3 кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңін жүзеге асыру 2025 жылдың сәуір айында басталады. Екінші және үшінші кезеңдер қатар жүзеге асырылады.
Қырғызстан министрлер кабинеті жанындағы Жасыл энергетика қорының директоры Кундус Кырбашеваның айтуы бойынша, бұл әлемдегі ең ірі жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірегей жоба болады.
«Sonnenenergie» АҚ — жаңартылатын энергия көздерін әзірлеуге және енгізуге маманданған чех компаниясы.




















