Қытай Иран мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды құптап, Израильге келісімнің орындалуына қайшы кез келген әрекеттен аулақ болуды ескертті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь Бейжіңнің Батыс Азия мен Парсы шығанағы аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты әрдайым қолдайтынын және Вашингтон мен Тегеран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын құптайтынын баса айтты.
Цзянь Иран мен Қытай арасындағы стратегиялық қарым-қатынасқа тоқталып: «Қытай мен Иран – жан-жақты серіктестер. Бейжің Тегеранмен өзара саяси сенімді нығайтуға, әртүрлі саладағы тиімді ынтымақтастықты арттыруға және екіжақты стратегиялық байланысты үздіксіз ілгерілетуге дайын», – деді.
Сондай-ақ, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі халықаралық қоғамдастықтың өзара түсіністік меморандумының алғашқы кезеңі мен алдағы келіссөздерге қатысты алаңдаушылығына тоқталып, Тель-Авивке ескерту жасап: «Осы кезеңде Израильді қоса алғанда, барлық мүдделі тарап өз әрекеттерін аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатына сәйкестендіруі тиіс. Кері қадам жасаудың орнына, меморандумның бірінші кезеңін жүзеге асыруға және келесі кезеңдегі келіссөздерді ілгерілетуге септігін тигізетін нақты шара қабылдау қажет», – деп мәлімдеді.
Линь Цзянь Қытайдың өз міндетін белсенді атқаруды жалғастыратынын айтып, Бейжіңнің халықаралық қоғамдастықпен бірге Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздік орнату үшін жүйелі күш салуға ниетті екенін қуаттады.
Қытайдың бұл мәлімдемесі Иранмен арадағы кез келген уағдаластыққа қарсы шығып отырған сионистік режимнің лауазымды тұлғаларының меморандум талаптарына қайшы әрекет етіп, Ливанға шабуыл жасау арқылы келісімнің орындалуына кедергі келтіруге тырысып жатқан кезде жасалды.


















