Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Қытайдың Ресей азаматтары үшін бір жылға визасыз режим енгізгенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Мария Захарова ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Тілші: Қытай Ресей азаматтары үшін бір жылға визасыз режим енгізді. Бұл қадамды екіжақты қарым-қатынас тұрғысынан қалай бағалайсыз?
Захарова: Қытаймен екіжақты байланыстың жаңа кезеңі басталып жатыр. Бұл Қытайдың Ресей азаматтарының белгілі бір санатына 30 күнге дейін визасыз режим енгізу туралы бастамасымен байланысты. Бұл, ең алдымен, туристерге, таныстары мен достарын көруге баратын адамдарға қатысты.
Алайда, бұл журналистика саласы мен басқа санаттарға қатысты емес. Оларда визалық талаптар сақталады. Дегенмен, бұл бастама Қытайға туристік мақсатта бару үшін жақсы мүмкіндік. Соңғы жылдары Қытайға баруға деген сұраныс артты.
Менің ойымша, бұл шешімге ең алдымен қатты қуанған Қытайдың Мәскеудегі елшісі Чжан Ханьхуэй болса керек. Ол осылайша біраз демалып қалады. Өйткені Мәскеудегі Қытай елшілігі, атап айтқанда консулдық бөлімі толық қуатта жұмыс істеді.
Менің ойымша, олар тіпті физикалық мүмкіндіктерінен де шектен тыс жұмыс істеді. Қытай елшілігі мен оның консулдық қызметкерлері шынымен де біздің кәсіпкерлеріміздің, ғалымдарымыздың және туристеріміздің қажеттіліктерін ескеріп, керемет жұмыс атқарып, әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Бұл үшін оларға алғыс айтамын. Ол жақтағы келушілер легін елестетіп көріңіз. Сондықтан бұл екі елдің ұмтылысына шын мәнінде жауап беретін маңызды шара деп ойлаймын.
Айта кетейік, Қытай 15 қыркүйектен бастап Ресей азаматтарына визасыз режим енгізді. Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякуньнің айтуынша, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 14 қыркүйегіне дейін визасыз режим сынақ түрінде енгізілді. Ресей азаматтары жаңа тәртіп бойынша Қытайға бизнес, туризм, туыстары мен достарына бару немесе өзара сапармен бару үшін визасыз 30 күнге дейін бола алады.



















