Әзірбайжан СІМ Қазақстанның Ақтау қаласы маңында Әзірбайжан ұшағының апатқа ұшырауы туралы жарияланған ақпаратқа байланысты Ресей Елшісін Баку қаласына шақырды.
Еуразия Тудейдің AzerNews агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Әзірбайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сейсенбі күні кешке жасаған мәлімдемесінде Ресей Елшісі Михаил Евдокимовқа ресейлік БАҚ-та Әзірбайжанға қарсы жалған хабарламалар мен мақалалардың жариялануы Әзірбайжан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы одақтастық ынтымақтастық туралы декларацияның мазмұны мен рухына қайшы келетін түсініспеушілік тудырғаны туралы айтылғаны жазылған.
Мәлімдемеде Әзірбайжан ұшағының қайғылы апатқа ұшырауының алдын ала нәтижелері алынғаны және қазір түпкілікті тергеу жүріп жатқаны айтылды.
Өткен аптада Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин мен Әзірбайжанның Мәскеудегі Елшісі Рахман Мұстафаев Әзірбайжан ұшағының апатқа ұшырауы жөнінде талқылап, тергеуді аяқтау қажеттігін баса айтқан болатын.
2024 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстанның оңтүстік-батысындағы Ақтау қаласында Бакуден Ресейдің Грозный қаласына бағыт алған Әзірбайжанның Еmbraer 190 ұшағы апатқа ұшырап, 38 жолаушы қаза тапты.
Azerbaijan Airlines әуе компаниясы әуе апатының алдын ала тергеу нәтижесі ұшақтың физикалық және техникалық сыртқы ықпал салдарынан апатқа ұшырағанын көрсеткенін жариялады.
Reuters агенттігі төрт дереккөзге сілтеме жасап, әзірбайжандық жолаушылар ұшағын ресейлік әуе қорғаныс жүйелері атып түсіргенін хабарлады.
Әзірбайжан Президенті Илһам Алиев Мәскеу ұшақ апатына байланысты кешірім сұрап, оны мойындап, апатқа қатысты кінәлілерді жазалап, өтемақы төлеуі керектігін айтты.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: “Ресей Қазақстан жерінде Әзірбайжан ұшағының апатқа ұшырау себептерін объективті тергеуге мүдделі және біз тиісті комиссияның тергеу нәтижелерін күтеміз”,- деп мәлімдеді.



















