Ресей Каспий теңізі арқылы жеткізілетін дизель отынын Иран арқылы Ауғанстанға экспорттауды бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Солтүстік темір жолының директоры Рахман Масуми мәлім етті.
Масуми бұл операция арқылы Ресейдің дизель отыны Иранның солтүстігіндегі Амирабад портына жеткізіліп, содан кейін теміржол арқылы Ауғанстанға жөнелтілетінін баса айтты.
Рахман Масумидің айтуынша, 5 мың тонна дизель отынынан тұратын алғашқы партия осы аптада Амирабад портынан Ауғанстан бағытына жөнелтілді.
Afghanistan International басылымының хабарлауынша, бұл шара Ираннан шыққан алғашқы жүк пойызы дизель отынын тиеп, Хаф–Герат теміржол желісі арқылы Герат провинциясындағы Рознак станциясына келгеннен бір апта өткен соң орын алды.
Мұның алдында “Бахтар” агенттігі Рознак теміржол станциясында мұнай өнімдерін түсіру, сақтау және тарату үдерісін жеңілдету мақсатында мұнай базасының құрылысы басталғанын хабарлады. Жобаның алғашқы кезеңі 1 мың тонна дизель отыны мен бензинді сақтауға арналған. Агенттіктің мәліметінше, бұл жоба Герат қаласындағы зауыттар, көлік құралдары және тұрғындарға отын тапшылығынан құтылуға мүмкіндік береді.
27 қазан күні Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігінің баспасөз хатшысы Мохаммад Ашраф Хақшенас Ираннан Хаф–Герат теміржолы арқылы алғаш рет 1,12 мың тонна дизель отыны Ауғанстанға жеткізілгенін хабарлады.
Afghanistan International мәліметінше, Иран мен Ауғанстан соңғы айларда теміржол арқылы жүк транзитін арттырды.

















