Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы борты Әзербайжан арқылы Иранға дәрі-дәрмек жеткізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің нұсқауымен және Төтенше жағдайлар министрі Александр Куренковтың тапсырмасымен Ресей ТЖМ авиациясы Әзербайжанға гуманитарлық жүк жеткізуді ұйымдастырды.
Гуманитарлық көмек ретінде барлығы 13 тонна дәрі-дәрмек Әзербайжан арқылы Иранға жеткізіледі.
Дәрі-дәрмектерді Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Ил-76 ұшағы тасымалдайды.
Ресей Президенті Владимир Путин кеше, 11 наурыз күні Әзербайжан Президенті Илһам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, Иран төңірегіндегі жағдайды талқылады. Владимир Путин Әлиевке Ресей азаматтарын Ираннан эвакуациялауға көрсеткен көмегі, сондай-ақ Әзербайжан аумағы арқылы ирандықтарға гуманитарлық жүктерді жеткізуді ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға қарсы әскери операция бастады. Иранның ірі қалалары, соның ішінде Тегеран қаласына шабуыл жасалды.
Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильдегі нысандарға шабуыл жасап, кең ауқымды қарымта операциясын жариялады.
Сондай-ақ АҚШ-тың Бахрейн, Иордания, Қатар, Кувейт, БАӘ және Сауд Арабиясындағы нысандарына соққы берілді.
Иранға жасалған шабуылдан Жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи мен Ислам республикасы басшылығындағы бірқатар тұлға қаза тапты.


















