Ресей Иранның ішкі ісіне сырттан жасалып жатқан арандатушылық әрекеттерді қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлім етті.
Мария Захарова: “Біз Иранның ішкі істеріне сырттан жасалып жатқан арандатушылық әрекеттерді қатаң айыптаймыз. Ел үкіметі Батыстың дұшпандық саясатының теріс әлеуметтік-экономикалық салдарын жоюдың тиімді жолдарын іздеуде қоғаммен сындарлы диалог орнатуға дайын”,-деді.
Сонымен қатар, Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Вашингтон тарапынан Иран аумағына жаңа әскери соққылар беру туралы айтылған қоқан-лоқылардың мүлдем қабылданбайтынын баса айтты.
Захарова: “Сырттан ұйымдастырылған тәртіпсіздіктерді сылтау етіп, 2025 жылдың маусымында Иранға қарсы жасалған басқыншылықты қайталауды жоспарлап отырғандар мұндай қадамдардың Таяу және Орта Шығыстағы жағдайға, сондай-ақ жаһандық халықаралық қауіпсіздікке тигізер апатты салдарын жете түсінуі тиіс”, -деді.
Ресей Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуы бойынша, Батыстың көп жылдар бойы Иранға жасап келе жатқан заңсыз санкциялық қысымы елдің дамуын тежеп, ең алдымен қарапайым Иран азаматтары зардап шегетін экономикалық және әлеуметтік мәселелерді тудырып отыр.
Захарова: “Иранда шетелден нұсқау алған арнайы дайындалған әрі қаруланған арандатушылардың салдарынан бейбіт наразылықтар бейберекеттікке ұласты. Тіпті құқық қорғау органдары қызметкерлері мен қарапайым азаматтарды, соның ішінде балаларды өлтіру деректері де орын алды”,- деді.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ирандағы қолдан ұйымдастырылған наразылықтардың бәсеңдеуі жағдайдың біртіндеп тұрақтануына үміт беретінін атап айтты.
Захарова: “Біз Ирандағы шетелдік мекемелерімізбен байланыстамыз. Олар штаттық режимде жұмыс істеп тұр және Ирандағы ресейлік отандастарымызбен тұрақты байланыста. Оларға сақтық шараларын сақтап, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауды, фото-видео түсірілім жасамауды және құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің талаптарын орындауды ұсынамыз”, -деді.


















