Ресей мен Иран 2026 жылы Ульяновск пен Астара порттары арасында жүк тасымалдау бағытын іске қосады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ресей мен Иран Ульяновск пен Астара порттары арасында жүк тасымалдайтын жаңа бағытты іске қосуға дайындалуда. Жоба екіжақты сауданы дамытуға, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін тасымалдау үшін тұрақты логистикалық дәліз құруға бағытталған.
Тараптардың өкілдерінің айтуы бойынша, жаңа желі көлік бағыттарын әртараптандыру және дәстүрлі құрлық жолдарына тәуелділікті азайту стратегиясының бір бөлігі болмақ.
Аталмыш бағыт бойынша алғашқы рейс 2026 жылға жоспарланған. Бастапқы кезеңде негізгі жүк ағыны агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін, яғни дәнді дақылдар мен өсімдік майларын құрайды. Кері бағытта Иранның өнеркәсіптік және тұтыну тауарларын, соның ішінде мұнай-химия өнімдерін, пластмасса, шай және цитрус жемістерін жеткізу көзделіп отыр.
Жоба экономикалық өзара іс-қимылды тереңдету және Каспий аймағындағы интеграцияны күшейту құралы ретінде қарастырылуда. Қосымша теңіз дәлізін құру жүктерді жедел әрі экономикалық тұрғыдан тиімді жеткізуді қамтамасыз етіп, екі ел компанияларының өңірлік сауда желілеріне қолжетімділікті арттыруы тиіс.
Еділ өзенінің бойында орналасқан Ульяновск дамыған көлік инфрақұрылымына және “Солтүстік-Оңтүстік» пен “Шығыс- Батыс” негізгі логистикалық бағыттарының қиылысындағы тиімді географиялық жағдайға ие. Еділ-Каспий кеме қатынасы арқылы кемелер Әзербайжан, Қазақстан, Түркіменстан және Иран порттарына шыға алады.
Астара порты “Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізінің негізгі нүктесі болып табылады. Бұл жерден жүктер әрі қарай автокөлік және теміржолмен Иранның ішкі аймақтары мен Парсы шығанағы порттарына жөнелтіледі. Жаңа бағыт жаһандық логистиканың өзгеруі және балама көлік шешімдерін іздеу аясында Ресей мен Иран арасындағы сауданың ұзақ мерзімді өсуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруы мүмкін деп бағаланады.



















