Еуропалық Одақ Сирияны қалпына келтіру және реконструкциялау процесіне қолдау көрсетеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Сирия Президенті Ахмед аш-Шараамен кездесу қорытындысы бойынша мәлімдеді.
Сирия Президенті Ахмед аш-Шараа Дамаскіге сапармен келген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта және Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Урсула фон дер Ляйен X әлеуметтік желісінде: “Ондаған жылға созылған қорқыныш пен үнсіздіктен кейін сириялықтар үміт пен қайта өрлеудің ұзақ жолына аяқ басты. Еуропа Сирияны қалпына келтіруді қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды”, -деп жазды.
Урсула фон дер Ляйенның айтуы бойынша, Ахмед аш-Шараамен кездесу барысында Антониу Кошта екеуі 14 жылға жуық азаматтық соғыстан кейін ес жия бастаған Сирияға қолдау білдірген. Кошта да X әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында Еуропалық Одақ делегациясының Дамаскіге келуі Сирияға деген мызғымас қолдау көрсету екенін айтып: “Алдыда әлі ұзақ жол бар. Алайда сіздер алғашқы қадамды жасадыңыздар”,-деді.
Бұл сапар 2024 жылғы желтоқсанда Башар Асад режимі құлағаннан бері Еуропалық Одақтың жоғары басшылығының Сирияға жасаған алғашқы сапары болды. Еуропалық Одақ Сирияға қарсы санкциялардың күшін 2025 жылдың 20 мамырында жойды.



















