Израиль Сирия аумағындағы әскери әрекеттерін тоқтатып, оккупацияланған аумақтардан әскерін шығаруы тиіс.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмед аш-Шараа Израильдің Сирия аумағындағы әскери операцияларын тоқтатып, Башар Асад режимі құлағаннан кейін басып алған аумақтардан әскерін шығаруы тиіс екенін мәлімдеді.
Ахмед аш-Шараа БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде сөйлеген сөзінде: «Бүгінде Израиль барлық нормаларға қайшы әрекет етіп отырғанын көрсетіп отыр. Сирия аумағына шамамен 500 әуе және артиллериялық соққы жасалды. Сонымен қатар 1200-ден астам рейд жүргізіліп, кемінде 300 сириялық азамат қамауға алынды», – деді.
Оның айтуынша, Израиль армиясының әрекеті Сириядағы тұрақтылыққа ғана емес, жағдайды реттеуге ұмтылып отырған өзге де елдердің бастамаларына қауіп төндіреді.
Сирия Президенті: «Біз 1974 жылғы келісімді ұстанамыз және Израиль әскерін 2024 жылғы 8 желтоқсаннан кейін басып алынған аумақтардан шығаруға шақырамыз», – деді.
Еске сала кетейік, бірқатар елде лаңкестік деп танылған «Хайят Тахрир аш-Шам» тобы және оның қарулы оппозиция қатарындағы одақтастары қарашаның аяғынан 7 желтоқсанға дейін Сирияның солтүстігінен Дамаскке дейін көтеріліп, президент Башар Асадтың режимін құлатып, елдегі билікті басып алған болатын.
Сирияның қазіргі президенті Ахмед аш-Шараа Башар Асадтан билікті басып алғанға дейін «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының қолбасшысы болды.
Израиль сол жылдың желтоқсан айының басында Сирияның оңтүстігіне әскери бөлімдерін енгізіп, Голан биіктеріне жақын орналасқан 1974 жылғы ажырату аймағын өз бақылауына алды. Кейін Сирия аумағына қарай одан әрі жылжыды. Израиль бұл қадамдарын шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, радикалды исламшыл топ күштерінің Израиль шекарасына жақын бекінуіне жол бермеу мақсатында жасалған уақытша қорғаныс шарасы деп түсіндірді
Бұл қадамдар көршілес мемлекеттердің, соның ішінде Түркияның да алаңдаушылығын туғызды.



















