Ресей Федерациясы мен Иран бірлесіп жаңа нанокатализаторлар мен қатерлі ісік ауруын емдеу әдістерін әзірлейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ресей Ғылыми қоры мен Иранның Ұлттық ғылыми қоры (INSF) екінші гранттық конкурстың қорытындысын шығарды.
Соның барысында ұйым өкілдері ресейлік және ирандық зерттеушілердің қатысуымен 15 халықаралық жобаны қолдауға шешім қабылдады.
Бұл жобалар аясында ғалымдар жаңа нанокатализаторлар, қатерлі ісіктерді емдеуге арналған терапиялар және беріктігі жоғары қорытпалар әзірлейді.
Ресей Ғылыми қорының баспасөз қызметінің хабарламасында: “Биыл екіжақты әріптестік аясында 15 халықаралық жоба қолдауға ие болды.
Гранттар 2026–2028 жылдары ғылыми зерттеулер жүргізуге бөлінді. Әрбір жобаны іске асыру үшін ресейлік тарап жыл сайын 4 миллионнан 7 миллион рубльге дейін қаржы бөледі”,- деп жазылған.
Байқау жеңімпаздары қатарында Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің, Ресей халықтар достығы университетінің, Сколтех және Мәскеу мемлекеттік университетінің, Ресей ғылым академиясы, Сеченов университетінің және Ресейдің бірқатар аймақтық университеттерінің зерттеушілері бар.
Бұл ресейлік ұйымдардың зерттеушілері Иранның Шариф атындағы технологиялық университетінің, Тегеран университетінің, Иранның океанография және атмосфералық ғылымдар институтының және осы елдің басқа да жетекші ғылыми ұйымдарының серіктестерімен зерттеулер жүргізеді.
Ресейлік және ирандық ғалымдар бірге жаңа полимерлік материалдар мен машиналық оқыту жүйелерін, көмірқышқыл газын пайдалы әрі құнды химиялық заттарға айналдыруға арналған нанокатализаторларды, люминесцентті материалдар мен жоғары беріктігі бар қорытпаларды әзірлейді.
Сондай-ақ, олар Каспий теңізі түбінің экожүйелерінің жағдайын зерттеп, зиянкес жәндіктермен күресудің жаңа әдістерін, қойларға арналған азықтық қоспаларды жасап, ісіктерді диагностикалау мен емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлейді.



















