Ресей мен Иран бірлескен теңіз көлігі консорциумын құру туралы келісімге келді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай шешім 6–7 қараша күндері Махачқалада өткен, екі елдің ірі компаниялары мен билік өкілдері қатысқан келіссөз қорытындысы бойынша қабылданды.
Тегеран мен Мәскеу арасында алғашқы бірлескен теңіз көлігі консорциумын құру туралы келісімге қол жеткізілгенін Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Казем Джалалидің айтуы бойынша, кездесу барысында болашақ консорциумның құрылымы мен негізі келісілді. Тараптар бір айдың ішінде келісімнің егжей-тегжейі мен ресми мәтінін дайындап ұсынуға уағдаласты.
Елші Джалали консорциум құру екі ел арасындағы сауданы, транзитті және бірлескен тасымалды жан-жақты кеңейтудегі стратегиялық мақсат ретінде жүзеге асырылатынын айтты.
Ресей мен Иран арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісім 2 қазан күні ресми түрде күшіне енді. Ресей мен Иран өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ, ортақ қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы бірлесіп әрекет ету жөнінде міндеттемелер алды.

















