Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Түркіменстанға ресми сапармен келді.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Сергей Лавровты Ресейдің Ашхабадтағы Елшісі Иван Волынкин қарсы алды.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова брифингте Лавров сапар барысында Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен келіссөз жүргізетінін айтты.
Тараптар кездесу барысында жоғары деңгейдегі байланысты, екіжақты қарым-қатынасты дамытуды, соның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты талқылайды.
Сондай-ақ, өңірлік күн тәртібі мен халықаралық жағдай бойынша пікір алмасады.
Сергей Лавров пен Рашид Мередов екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қояды.
Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров бұған дейін Түркіменстанға 2022 жылдың маусым айында Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін барды.



















