Тәжікстан Республикасы Израиль мен Иран Ислам Республикасы арасындағы атысты тоқтату туралы келісімді құптады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемесінде қуаттады.
Мәлімдемеде: «Тәжікстан Республикасы Израиль мен Иран Ислам Республикасы арасындағы атысты тоқтату туралы қол жеткізілген келісімді құптайды.
Тәжікстан бұл келісімдер халықаралық құқықтың барлық нормасын бұзып басталған соғысты тоқтатып, Таяу Шығыста ұзақ мерзімді және тұрақты бейбітшілік орнату үшін берік негіз қалады деп үміттенеді» деп жазылған.
Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мұның алдында да мәлімдеме жариялап, 2025 жылғы 22 маусымда АҚШ пен Израиль әскери-әуе күштерінің Иран Ислам Республикасының ядролық нысандарына жасаған әуе соққыларын қатаң айыптап, аймақ пен әлем үшін өте қауіпті салдары бар ұзаққа созылатын соғысқа әкеп соқтыруы мүмкін қақтығыстың өршуіне алаңдаушылық білдірді.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп кеше 24 маусымда өзінің әлеуметтік желісінде (Truth Social) Израиль мен Иран арасында он екі күнге созылған атысты тоқтату келісімі жасалғаны туралы мәлімдеме жасады.


















