Иран СІМ орынбасары Маджид Тахт-Раванчи Рим Папасы Францисктің әділетсіздікке қарсы батыл ұстанымы ұмытылмайтынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің саясат істері жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи Тегерандағы Ватикан елшілігіне барған кезде мәлімдеді.
Маджид Тахт-Раванчи Рим Папасы Францисктің қайтыс болуына байланысты ашылған көңіл айту кітабында жазба қалдырып: “Рим Папасы Франциск ерекше адамгершілік танытып, әрқашан мазлұм халыққа көмектесуге асықты. Оның қысымға, кемсітушілікке және әділетсіздікке қарсы батыл ұстанымы ұмытылмайды”, -деді.
Иран СІМ орынбасары кеше, сәрсенбі күні таңертең Тегерандағы Ватикан елшілігінде болып, Иран Ислам Республикасының Үкіметі мен Сыртқы істер министрі атынан апостолдық нунций Анджей Юзвовичке, Елші мен Ватикан өкілдеріне, сондай-ақ әлемнің барлық христиан қауымына көңіл айтты.
Маджид Тахт-Раванчи Ватикан елшісімен сұхбатында Рим Папасы Францискті еске алып, оның бейбітшілік пен бірлікті ілгерілету мен нығайтудағы ұстанымын жоғары бағаладп: “Рим Папасы Франциск ерекше адамгершілік таныта отырып, әрқашан мазлұм, басқыншылық пен қатыгездік құрбандарына көмектесуге асықты. Оның кемсітушілік пен әділетсіздікке қарсы батыл ұстанымы ұмытылмайды”, — деді.
Айта кетейік, Рим Папасы Франциск 21 сәуір күні таңертең 88 жасында Ватикандағы Әулие Марфа үйіндегі резиденциясында қайтыс болды.



















