Рим Папасы Франциск Судандағы жағдайға тоқталып, осы елдегі зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды.
Бұл туралы католиктік шіркеу басшысы Әулие Петр алаңындағы дәстүрлі жексенбілік уағыз кезінде мәлім етті.
«Судандағы жағдай, өкінішке орай, ауыр. Мен тағы да зорлық-зомбылықты тезірек тоқтатуға және диалогты бастауға шақырамын. Судандағы бауырларымыз үшін бәріміз дұға етейік», — деді ол.
Судан армиясы мен жедел әрекет ету күштері (арнайы жасақ) арасында жалғасып жатқан қарулы қақтығыстар салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегуде.
Қарулы қақтығыс елдің қазіргі армия басшысы – елдің іс жүзіндегі билеушісі Абдел Фаттах әл-Бурханға адал күштер мен оның екінші қолбасшысы, Хемедти деген атпен белгілі, RSF әскерилендірілген тобын басқаратын Мохамед Хамдан Дагло арасында жүріп жатыр. Екеуі де Африканың табиғи ресурстарға бай үшінші елін бақылау үшін тартысып жатыр.
ЕО бейсенбі күні атысты тоқтатуға шақырды. Брюссельде Еуропалық Одақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррелл: «Соғыс тоқтатылуы керек» деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ тараптарды бейбіт тұрғындарды қорғауға және гуманитарлық көмекке тез және кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге шақырды.



















