Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың жақын арада Өзбекстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл сапар туралы Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров мәлімдеді.
Жуырда қос ел қырғыз-өзбек бірлескен бизнес-форумын өткізді. Келесі кезекте екі мемлекет басшыларының қатысуымен Өзбекстанда Қырғызстанның мәдениет күндерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Садыр Жапаровтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары туралы Бішкекте өткен өзбек-қырғыз бизнес-форумында Қырғызстанның Экономика және сауда министрінің орынбасары Санжар Болотов та айтқан болатын.
Санжар Болотов Бішкекте өзбек-қырғыз бизнес-форумының ашылуында: «Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары жоспарлануда. Қос президенттің алдағы кездесуі көршілес және өзара тиімді қарым-қатынасты арттыруға деген ортақ ерік-жігерді іске асыра отырып, екі ел арасындағы достық байланысты нығайтудағы маңызды сәт болады», – деді.
Қырғызстанның Экономика және сауда министрінің орынбасары екі ел арасында өзара тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу жоспары алға қойылғанын тілге тиек етіп, бұл мақсатты «өршіл, бірақ мүмкін» деп атап: «Бұл үшін бірлесіп жұмыс істеп, барлық механизмді пайдалануымыз керек»,- деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Садыр Жапаров Өзбекстанға соңғы рет 2021 жылы наурызда мемлекеттік сапармен барған болатын.



















