Олжас Бектеновтің ҚР Премьер-министрі қызметіне тағайындалып, Мемлекет басшысының Жарлығымен министрліктердің басшылары қайта сайлануына қатысты сарапшылар пікір білдірді.
Сарапшы Андрей Чеботаревтың пікірінше, Қазақстан Үкіметіне күштік құрылым қызметкері басшылыққа келді.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев Facebook желісіндегі парақшасында Олжас Бектеновтің біраз уақыттан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқанын айтады. Сарапшының айтуынша, жаңадан тағайындалған ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов еліміздегі ең жас премьер-министр болуы мүмкін.
Сарапшының пікірінше, жас Премьер-министрдің келуі Қазақстандағы қазіргі жағдайда көп мәселенің шешімін табуға әсер етеді.
Андрей Чеботарев Олжас Бектеновтің 10 жылдан аса уақыт сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органында қызмет еткенін атап өтті. Сарапшының сөзіне қарағанда, 2022 жылы Бектеновтің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып тағайындалуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оған қатты сенетінін көрсетеді.
Сарапшы жаңа премьер-министрдің тағайындалуымен жемқорлыққа қарсы тұру және заңсыз жолмен тапқан активтерді мемлекет бақылауына қайтаруда ірі істер атқарылатынына уақыт келгенін айтады.
Андрей Чеботарев елде тың өзгерістер жасау үшін жастық жігер қажет, ал бұндай жігер Бектеновтің бойынан табылады деген пікірде.
Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев Үкіметтің отставкаға кетуін тосын жағдай деп бағалайды. Сарапшы Үкіметтің отставкаға кету себептерінің бірі ретінде психологиялық шаршау екенін айтады.
Сарапшының айтуы бойынша, Әлихан Смайылов бастаған Үкімет отставкаға кеткеннен кейін министрлер құрамының тек 16 пайызы ғана жаңартылған.
Жалпы, Үкімет отставкаға кетіп, министрлер құрамы жаңарды десек те, министрлер кабинетінде көп өзгеріс бола қоймады. ҚР Премьер-министріне тағайындалған Олжас Бектенов басқаратын жаңа Үкіметтің құрамында бұрынғы министрлердің көбісі өз орындарында қалды.
Жаңадан тағайындалған Премьер-министр қызметіне кірісіп кетті. Олжас Бектенов кеше, 6 ақпан күні Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповпен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік және қарым-қатынастарды одан әрі дамытуда тығыз ынтымақтастық жүзеге асатынына сенім білдірді.



















