Мәскеуде 2023 жылғы 7 желтоқсанда ҰҚШҰ-ның Ауғанстан бойынша жұмыс тобының отырысында Ауғанстандағы ағымдағы ахуал және оның өңірлік қауіпсіздікке әсері туралы пікір алмасылды.
ҰҚШҰ ресми сайтының хабарлауы бойынша ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Самат Ордабаевтың қатысуымен өткен ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіндегі Ауғанстан бойынша жұмыс тобының 38-ші отырысында Ауғанстандағы жағдай бойынша жан-жақты пікір алмасу болды.
Қатысушылар осы елдегі әлеуметтік-экономикалық және қауіпсіздік саласындағы қолайсыз үдерістердің сақталуын атап өтті. Бұл елдің аумағынан шығатын лаңкестік және есірткілік қауіп-қатерлерге баса назар аударылды.
Жұмыс тобының Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және бейбітшілік үдерістерін орнату бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қызметін үйлестіруге жәрдемдесуге дайындығы расталды.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, отырыста Қазақстан СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев өз сөзінде 2024 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық ету қарсаңында Қазақстан Орталық Азиядағы ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерін салатынын қуаттады.
Соңында отырыстың хаттамасы және Топтың 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары қабылданды.
Отырысқа Хатшылықтың, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ТҚО, БҰҰ-ның Орталық Азия үшін алдын-алу дипломатиясының аймақтық орталығы (UNRCCA), Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметінің өкілдері қатысты.




















