Ташкент қаласының әкімі қызметін уақытша атқарушы Шавкат Өмірзақов Қазақстанның Өзбекстандағы елшісімен кездесті.
Шавкат Өмірзақов Бейбіт Атамқұловпен кездесуі барысында екі елдің көшбасшылары арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер мен диалогтар барысында қол жеткізілген стратегиялық әріптестік, одақтастық туралы бірқатар келісімдер негізінде екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастар дамитынын атап өтті. Ташкент қазіргі таңда Астана, Алматы, Ақтау қалаларымен, Түркістан облысымен және Қазақстанның басқа өңірлерімен кооперациялық қатынастарды дамытып жатқанын және 2022 жылдың соңында Қазақстанмен тауар айналымы 1 миллиард 800 миллион АҚШ долларын құрағанын атап өтті.
Өз кезегінде Бейбіт Атамқұлов соңғы жылдары Өзбекстанда халық игілігі мен орнықты даму үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол қазақстандық фирмалар мен компаниялардың Өзбекстанмен және Ташкентпен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтты. Сондай-ақ, елші 2024 жылы Ташкент ТМД елдерінің жастар астанасы мәртебесіне ие болуына орай спорттық және мәдени іс-шараларды, конференцияларды, жастардың ғылыми-практикалық диалогтарын, білім мен тәжірибе алмасуға қызмет ететін іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, ол 24-26 сәуірде Ташкентте өтетін «ИННОПРОМ. Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп көрмесіне Қазақстаннан үлкен делегация келетінін айтты және іс-шара өткізілетін күндері екі тараптың ресми тұлғаларының қатысуымен өтетін маңызды кездесулер өзара тиімді болатынына сенім білдірді.
Шавкат Өмірзақов Қазақстан елшісінің ұсыныстары мен бастамалары Ташкент үшін ерекше маңызды екенін атап өтіп, барлық бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге, қолданыстағы ынтымақтастықты жан-жақты кеңейтуге және дамытуға дайын екенін жеткізді.



















