Израиль жақын күндері “Рафах” шекара өткелін біржақты тәртіпте, тек Газадан Мысыр бағытындағы қозғалыс үшін ашуды көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, сионистік режим жақын күндері Газа секторының сыртқа шығатын жалғыз дарбазасы саналатын “Рафах” шекара өткелін біржақты түрде ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы сионистік режимнің бұқаралық ақпарат құралдары Израиль Қорғаныс министрлігіне қарасты Палестинаның басып алынған аумақтарында үкіметтік іс-қимылдарды үйлестіру департаментіне (COGAT) сілтеме жасап хабарлады.
COGAT мәліметінше, бұл қадам атысты тоқтату келісімі мен саяси басшылықтың нұсқауларына сәйкес қабылданған. Палестиналықтардың өткел арқылы өтуі Израильдің қауіпсіздік тексерісімен және мысырлық тараппен үйлестірілген жағдайда жүзеге асырылады.
Ресми хабарламада палестиналықтардың осы өткел арқылы Газа секторына қайтып келу мүмкіндігі туралы ештеңе айтылмаған.
Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасында 10 қазан күні жасалған атысты тоқтату жөніндегі келісімге сәйкес, Израиль армиясы Рафах ауданын, соның ішінде шекара өткелін қамтитын “Сары сызық” деп аталатын аймақты бақылауда ұстайды.
Осы келісім бойынша, “Рафах” өткелі тұтқындар мен қамалғандарды алмастыру аяқталғаннан кейін бірден ашылуы керек болған. Алайда Израиль 13 қазан күні ашылуы тиіс өткелді бір жарым ай бойы түрлі сылтаумен бұл талапты орындаудан бас тартып, кейінге шегеріп келді.



















