Сирияның жаңа билігі дүйсенбі күні Сирия демократиялық күштері (SDF) мен күрд автономиялық әкімшілігінің азаматтық және әскери институттарын Сирия билігіне біріктіру туралы келісім жасалғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің AFP агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, келісімде Сирияның солтүстік-шығысындағы нақты нысандар, соның ішінде шекара бекеттері, әуежай және мұнай-газ кен орындары көрсетілген. Бұл келісім 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы керек.
2024 жылдың желтоқсан айында Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін Ахмед аш-Шараа бастаған Сирияның жаңа билігі осы елдегі қарулы топтарды таратып, бүкіл ел аумағын бақылауға алуға тырысуда.
SDF-пен келісімге қол қою Сирияның батысындағы жағалау аймағында орын алған қарулы қақтығыстар мен жаппай сотсыз жазалаулар жағдайында орын алып отыр. Бұл аймақта негізінен Сирияның бұрынғы президенті Асадты жақтаушы әләви азшылық қауымдастығының өкілдері тұрады.
Құқық қорғаушылардың айтуы бойынша, Асад жасақтарының қалдықтары мен оларды қолдайтындарға қарсы бағытталған Сирия жағалауындағы Латакия және Тартус провинцияларының қалаларында, ауылдарында және тауларында “қауіпсіздікті қалпына келтіру” операциясының төрт күнінде 1500-ге жуық адам қаза тапқан. Олардың көпшілігі — бейбіт тұрғындар.
Сирия президентінің міндетін атқарушы Ахмед аш-Шараа операцияның аяқталғанына тоқталып, соғыс қимылдарының бастамашысы ретінде Асадты қолдайтын топтарды атады. Сонымен қатар, ол бейбіт тұрғындарға зәбір көрсеткен кінәлілерді, тіпті олардың арасында оның жақтастары болса да жазалауға уәде берді.




















