Түркия СІМ мәлімдеме жариялап, 2024 жылғы 3 қаңтар күнгі Иранның оңтүстік-шығысындағы Керман қаласындағы лаңкестік әрекетті қатаң айыптады.
Түркия СІМ-нің мәлімдемесінде: «Иранның Керман қаласында болған лаңкестік әрекеттің салдарынан көп адамның қаза тапқанын немесе жараланғанын білу бізді қатты қынжылтады.
Біз осы жантүршігерлік лаңкестік әрекетті қатаң айыптаймыз және дос және бауырлас Иран халқы мен үкіметіне көңіл айтамыз. Қайтыс болғандарға Алладан рақым, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз» деп жазылған.
Айта кетейік, қаңтардың 3 күні Иранның Керман қаласындағы «Шоһадойе Керман» гүлзары жақта жан түршіктірерлік екі лаңкестік шабуыл болды.
Соның салдарынан 95 адам қаза тауып, 300-ге жуық адам жарақат алды. Оның ішінде үш полиция, бір Қызыл Жарты ай қызметкері бар.
Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеи шабуылшылардың әрекетіне қатаң жауап қайтаруға уәде беріп, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Иран Президенті Ибраһим Раиси Түркияға сапарын кейінге қалдырды.
Бүкіл Иранда үш күндік аза жарияланды.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жарылысты қатаң айыптады.
Әлемнің көптеген елінің, соның ішінде Ресей, Түркия, Армения, Қазақстан басшылары, Сауд Арабиясы, Ирак, Катар, Иордания, Әзірбайжан, Оман және Пәкістан үкіметтері Иран Ислам Республикасының жоғары лауазымды тұлғаларына, ал Еуропалық Одақ Иран халқына көңіл айтты.


















