Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан мен Ирак Сыртқы істер министрі Фуад Хусейн 19 желтоқсанда Анкарада екі елдің жоғары лауазымды әскери және қауіпсіздік саласы басшыларының қатысуымен кездесті.
Түркия СІМ хабарлауы бойынша кездесу барысында екі елдің делегациялары екіжақты және аймақтық мәселелер, әсіресе лаңкестікпен күрес, қауіпсіздік және су мәселелері бойынша жан-жақты консультация өткізді.
Тараптар аймақтық қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеу ортақ стратегиялық көзқарас аясында сауда, инвестиция, көлік және инфрақұрылым сияқты ынтымақтастық салаларындағы ілгерілеу арқылы мүмкін болатынын атап өтті.
Осы тұрғыда Ирак пен аймақтың дамуына үлес қосады деп есептелетін «Даму жолы» жобасын жылдам жүзеге асыру үшін жасалуы қажет қадамдар талқыланды.
«Даму жолы» жобасы Парсы шығанағын Түркия арқылы Еуропамен байланыстырудың нәтижесінде Азия мен Еуропа арасындағы жолды қысқартуды көздейді.
Айта кетейік, Ирак Сыртқы істер министрі Фуад Хусейн елінің Қорғаныс министрі Сабит Әл Аббаси және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларынан құралған делегациямен 19 желтоқсанда Түркияға ресми сапармен келді.




















